Жаңалықтар

Төтенше жағдайлардың алдын алу маңызды

Облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.

Жиында биылғы жылы суға шомылу маусымын өткізуге жергілікті атқарушы органдардың дайындығы, 2019 жылы өрт қауіпті кезеңде облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу және жою шараларына әзірлігі, қыс мезгілінде кездесетін мәселелер мен су тасу мерзімдері жұмыстарының нәтижелері, оны шешу жолдары талқыланып, жауапты мамандар баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Қасымның айтуынша, аймақта суға кететіндер саны төмендеген. Коммуналдық жағажайлар санының артуы және жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың жағажайларда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша бірқатар алдын алу іс-шараларын өткізу нәтижесінде 2018 жылы 2017 жылдың сондай кезеңімен салыстырғанда суға кеткендердің 31,8% – ға (22-ден 15 адамға дейін) азайғаны байқалған. Өткен жылда орын алған жазатайым оқиғалардың талдауы нәтижесінде, суға батудың себептері жүзе білмеу және шомылушылардың абайсыздығы, ересектердің немқұрайлылығы, яғни балаларды қараусыз қалдырулары себеп болған.

Табиғи өрттердің алдын алу және жою шараларына дайындық бойынша, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің 821 бірлік бейімделген техникасы, 20 бірлік өрт сөндіру техникасы, 5 бірлік өрт сөндіру пойыздары және 3055 адамдық жеке құрамы дайындыққа келтірілген. Сондай-ақ, елді мекендерде саны 2936 адамнан тұратын 340 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылған. Олар дала өрттерi мен елдi мекендердегі өрттерді сөндіру және алдын алу, сондай-ақ халықты өрт қауіпсіздігі шараларына және өрт туындаған кездегі іс-қимылдарға үйретеді.

«Облыс аумағын табиғи өрттерден қорғау үшін 4600 шақырымнан астам минералдандырылған жолақтарды орнату жұмыстары жүргізілуде, (632,2 км немесе 31% жыртылды) және минералданған жолақтарға күтім жасалуда (3052 км немесе 14,6%)», — деп мәлімдеді департамент бастығының орынбасары А.Төлешев.

Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығы Бауыржан Сыздықовтың мәліметінше, облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 945 шақырымды құрайды. Облыстың автомобиль жолдарында ұзындығы 987 км болатын 154 қар сорғыш учаске бар, олардың 65 учаскесі республикалық (521 км), 25 облыстық (225 км) және 64 аудандық (241 км) жолдарда орналасқан. Республикалық маңызы бар жолдардың негізгі бағыттарына қызмет көрсетумен айналысатын «Қазақавтожол» ЖШС филиалында қар тазалау техникасының жетіспеушілігі жыл сайынғы проблема болып отыр, оларда 78 бірлік болған, бұл норматив (133) 58,6% – ды құрады, бұл ретте 55 бірлік (70,5%) техникалары 10 жылдан астам пайдаланылған.

Департамент өкілдерінің баяндамасынан соң облыс басшысы аталған кемшіліктер бойынша тиісті шараларды қабылдап, алдағы қыста мұндай мәселелерді болдырмау керектігін айтты. Сонымен қатар, суға шомылу маусымында қауіптің алдын алу және өртке қарсы күресті барынша күшейтіп, шомылуға болмайтын аймақтарға белгілер салып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын қарқынды жүргізуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button